Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мобильді тобы кезекті рейд кезінде "Мәскеу" бизнес-орталығының ғимаратында орналасқан мейрамхананы тексерген. Мейрамхана меймандары мен әкімшілік эпидемиологтар мен полицейлерге кальянды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынғанын білмегенін айтып ақталған. Айыптылар санитарлық нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
"Аталған мекеме бойынша құқық бұзушылық тіркелді. Карантин режимін сақтамай, ереже бұзған. Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынады. Бұл жағдайда мекеме әкімшілігінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына, 3-бөліміне жатады", – дейді Есіл аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.
Сондай-ақ, Рақымжан Қошқарбаев көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінде де топталып қорқор шегіп отырған адамдар анықталған.
Мамандардың айтуынша, кальян – инфекция көзі. Сондықтан мұндай әуесқойлар өлім қаупі тобына жатады. Кальян ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы аурулардың таралу көзі болуы мүмкін. Астанада маска тағу режимі сақталуда. Егер кәсіпорындар мен қала тұрғындары санитарлық нормаларды сақтамаса, қала карантиндегі қатаң режимге қайта оралуы мүмкін.
Еске сала кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 120 нысан жабылды, оның ішінде құрылыс компаниялары бар. 150 кәсіпорын ескерту алды, бір бөлігіне айыппұл салынды.