Астанада 8 сәуірден 6 мамырға дейін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша "Жасыл Астана" көктемгі экологиялық айлығы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Ал тұрғындардың, бизнес өкілдерінің, мемлекеттік және басқа да органдардың қатысуымен жаппай жалпықалалық сенбіліктер 15 сәуір мен 6 мамырда өтеді.
Экологиялық айлық аясында қаланы, нөсер және кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарлар мен кварталішілік аумақтарды тазалау, саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар алаңдарын орнату жөніндегі іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен ластанған учаскелерді жою жұмысы жүргізіледі.
Сонымен қатар, "Жасыл Астана" акциясы аясында 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
"Қала кәсіпорындарын, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілерін (базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары және басқалар), оқу орындарын, еріктілер мен белсенді қала тұрғындарын экологиялық айлыққа қатысуға шақырамыз.
Сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарын кварталішілік (үй маңындағы) аумақтарды тазалауға шақырамыз", делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, 2022 жылы экологиялық сенбіліктер аясында барлығы 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сол сияқты 29 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 2,7 млн шаршы метр алаң жиналды. Экологиялық акция асында 266 067 адам қамтылған болатын.