Елордада қоқыс пен құрылыс қалдықтарын өңдеу мәселесі қалай шешілуде

676

Қоқыс өңдеу зауыты қайта жаңартылған соң, қуаты екі есе артады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.

Елордада қоқыс пен құрылыс қалдықтарын өңдеу мәселесі қалай шешілуде

Елордада экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат берілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірлесе бірқатар шаралар қабылданды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

"Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс, қалдықтар шығарылады. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда, заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен "waste to energy" технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр. Экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат берілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірлесе бірқатар шаралар қабылданды.

Бірінші. Қоқыс өңдеу зауытын қайта жаңартып жатырмыз. Жаңарған кәсіпорын қуатын жылына екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттырады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.

Екінші. Полигон екі ұяшықтан тұрса, оның біреуі әбден толып қалған. Салаға жауапты органдармен бірлесіп, полигонға рекультивация жүргіземіз.

Үшінші. Былтыр "Северная гряда" кенішіне рекультивация жүргізе отырып, құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, қайта өңдейтін алаң құрылысын бастадық. Бұл экология мен санитария-эпидемиология жағдайын айтарлықтай жақсартады.
Алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары және т.б. сияқты құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Сонымен бірге, мысалы, құрылыс қалдықтарының 50% қиыршық тасқа, 10-15% арматураға және т.б. өңдеуге болады.

Төртінші. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жұмыстарын жалғастыра береміз. Ол үшін қалада контейнерлер орнатылды. ТҚҚ өңдеу деңгейі 75%, қайталама шикізатты алу – 17% көрсеткішіне жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет. Құрамында сынабы бар шамдарды жинау үшін қала бойынша 530-дан астам арнайы контейнер орнатылды. Бүгінгі таңда 500 мыңнан астам дана жиналып, кәдеге жаратылды.

Пандемия басталғалы бері адам көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды және т.б. тастайтын арнайы контейнерлер орнатылды.

Бесінші. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық полигон жойылды. Құрылыс нысандарына мониторинг және рейдтер жүргізетін жедел топ жұмыс істейді. Экополигонға құрылыс қоқыстарын шығару бойынша да тексерулер жүргізіледі. Мысалы, 15 қазаннан бастап әкімшілік жауапкершілікке 37 кәсіпкер тартылса, оның ішінде 15-і - құрылыс компаниясы. Олар 900 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді.

Алтыншы. Қоқысты бөлек жинап, санитария ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Сенбіліктер өткізіп, жүйелі негізде ағаш егеміз. Барлық мемлекеттік мектептерде экологиялық сағаттар өткізіліп, қоқыс өңдеу зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылады. Бұл бағытта бізге еріктілер мен қала тұрғындары көп көмек көрсетіп келеді", –  деп жазды Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу