Дегенмен қала тұрғындары сұрыпталған қоқыстан жаңа тауарлар өндіруге болатынын әрі қала тазалығы мен мен экологияға әсерін толық түсінбей отыр. Оған мысал жыл сайын Нұр-Сұлтанда 300 мың тоннаға жуық қалдық шығарылады. Яғни қаланың әрбір тұрғыны күніне орта есеппен 1 кг қоқыс шығарады. Мұндай үлкен қоқыстың жиналуы халықтың едәуір бөлігі қалдықтарды әлі де сұрыптамайтынын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz әкімдік сайтына сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметіне сенсек, шаһарда қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру үшін экологиялық тақырыпта сабақтар өткізіліп, онда бөлек жинау принциптері түсіндірілген, қоқыс өңдеу зауытына экскурсия қарастырылған.
"Елорда әкімдігі Қарасу, Есіл өзендерінің, Вячеслав су қоймасы мен Майбалық көлінің маңында #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясын өткізді. Айта кету керек, #Birge #TazaQazaqstan аясында өткізілетін барлық акциялар жиналған қалдықтарды сұрыптауға бағытталған", – дейді әкімдіктен.
Бүгінгі күні қала бойынша энергияны үнемдейтін, құрамында сынабы бар шамдарға арналған 599 әмбебап контейнер орнатылыпты, оларға "Kazecotech" ЖШС қызмет көрсетеді. Сонымен қатар елордада қалдықтарды бөлек жинауға арналған "экобокстар" (300 данадан астам) орнатылған.
"Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында қала тұрғындары арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстары жүргізіледі, олар: әлеуметтік видео-аудиороликтер мен жадынамалар, қалдықтарды дұрыс сұрыптау туралы нұсқаулықтар, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы қалдықтарды бөлек жинау туралы инфографикалар, қаланың жалпы білім беру мекемелерінде мастер-кластар мен экологиялық сабақтар. Қалада қоқысты бөлек жинауды насихаттау мақсатында түрлі экологиялық іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде "Нұр-Сұлтан қаласының үздік Эко отбасы", "Үздік тұрғын үй массиві" атағына конкурстар, қаланың балалар оқу орындарында сенбіліктер, мастер кластар бар. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының супермаркеттерінде, дүкендерінде және ірі сауда желілерінде биологиялық ыдырайтын пакеттерге көшу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елордада қалдықтарды дұрыс сұрыптау бойынша түсіндіру және байқау іс-шараларын өткізу, елорданың баннерлерінде және СОО-ларда аудиохабар тарату, аялдамаларда тиісті тақырыпқа әлеуметтік жарнама әзірлеу және орналастыру, тұрғын үй кешендері мен бизнес орталық лифтілерінде инфографика орналастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұрғындар арасында тарифтерді төмендетумен немесе жеңімпаздар арасында сыйлықтар тапсырумен қаладағы ең жауапты (экологиялық) ТК-ге акцияларды іске қосу жоспарда бар. Тұрғындар арасында өте жауапты (экологиялық тұрғыда) ТК акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Үздіктер сыйлықтармен марапатталады. Сол сияқты тариф мөлшерін де азайту жоспарда бар", – дейді қала әкімдігінен.