Қалдықтарды өңдеу қуаттылығы 75%-ға 2019 жылы жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы халық алдындағы есептік кездесуі барысында Астана әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды astana.gov.kz.
"Абаттандыру жұмыстары мен экологиялық қауіпсіздіктің маңызды элементтерінің бірі – қалдықтарды басқару жүйесі. Биыл тартылатын инвестициялардың көлемі 5 млрд теңгеден асатын болады. Олар қалдықтарды өңдеудің жетілдірілген технологиясын енгізу шараларына жұмсалатын болады", - деді әкім.
Қала әкімінің айтуына қарағанда, қанатқақты жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жетекші елдердің тәжірибесі бойынша ТҚҚ "құрғақ" және "ылғалды" фракцияларға бөлініп жиналатын болады. Бұдан кейін "жасыл" энергия өндірілетін органикалық қалдықтарды өңдеу технологиялары енгізілетін болады.
"Біздің мақсат – қалдықтарды өңдеу қуаттылығын 2019 жылға дейін 75%-ға жеткізу", - деп нақтылады Әсет Исекешев.
Бүгінгі таңда Астана аумағындағы 1842 контейнерлік алаңда орналасқан 10477 контейнер бар. ТҚҚ-ды "Clean City NC" ЖШС шығарады. Серіктестік қалдықтарды таситын жаңа 30 көлік пен 2000 контейнерді сатып алуға 1, 2 млрд теңге жұмсаған.