Шалғай аудандар мен тұрғын үй алаптарында оқушыларға қосымша білім беретін комьюнити-орталықтар ашылуда, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мақсаты – үйірмелер мен секцияларды барлық балалар үшін қолжетімді ету. Қазір қалада төрт комьюнити-орталық бар. Оның бірі Балалар үйінде, ал қалғаны жалпы білім беру мектептерінде құрылған.
"Shuǵila" комьюнити-орталығы – жаңа Оқушылар сарайының филиалы. Ол №68 және №80 мектептерде жұмыс істейді. Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы да өз филиалдарын ашып жатыр. Сондай орталықтың бірі №20 мектепте ашылса, екіншісі №86 мектепте құрылмақ. Мұнда робот техникасы және 3D-модельдеу, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, театр және вокал үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, волейбол, баскетбол, шағын-футбол, дзюдо, шахмат, тоғызқұмалақ сияқтық спорттық секциялар бар. Сабақтарды Оқушылар сарайының мұғалімдері жүргізеді. Үйірмелер тегін.
Әкімдік комьюнити-орталықтар желісін кеңейтуді жоспарлауда.
"Мұндай орталықтардың біреуі ғана 800 баланы қамтиды. Үйірмелер мен секциялардың бәрі тегін. Бұл – халықтың осал топтары қатарындағы азаматтарды, көпбалалы отбасыларды қолдаудың нақты қадамдарының бірі. Әсіресе, өз баласын қараусыз қалдыруға қорқып, бұдан бұрын жұмысқа шыға алмаған ата-аналар үшін өте ыңғайлы", – деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кезінде.