1 қарашадағы жағдай бойынша департамент қоймасында қызылшаға қарсы 29 419 доза вакцина қалды.
Бұл туралы Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
6 қарашадан бастап олар 6 айдан 10 айға дейінгі балаларға қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы қосымша жаппай егу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. 2 мен 4 жас аралығындағы балаларды иммундау 5 желтоқсанда басталады. Осы мақсатта қосымша 121 мың доза вакцина сатып алынады.
Елордада қызылша ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағалануда. 2023 жылы наурыз айында бірінші оқиға тіркелсе, осы кезеңнен бері қызылшаға күдікті 1119 жағдай тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 848 жағдай, яғни 75,8%.