Елордада санитарлық нормалардың бұзылуын анықтау бойынша рейдтер жалғасуда, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Біз нан өнімдерін қаптамасыз сату, қызметкерлер мен келушілердің жеке қорғаныш құралдарының болмауы сияқты бірқатар бұзушылықты анықтадық. Анықталған фактілер бойынша түсіндіру жүргізіліп, кемшіліктерді жою үшін ұсыныстар берілді", – деді Байқоңыр ауданының ТКСҚББ бас маманы Айзат Алдажар.
Бүгінгі күні аудандардың мобильді топтары 800-ден аса кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізді. Оның нәтижесі бойынша 244 кәсіпорында санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды.
"Негізгі ескертулер қызметкерлер мен келушілердің арасында қауіпсіздік шараларын сақтамау мәселесіне қатысты. Қоғамдық тамақтану орындарындағы үстелдердің қашықтықты сақтамай орналасуы, температураны тіркеу журналы мен тепловизордың болмауы, қызметті медициналық маскамен қолғапсыз көрсету, жұмысты рұқсатсыз бастау сияқты бұзушылықтар. Одан бөлек, комиссия антисептик құтыларының бос тұрғаны және кезек үшін арнайы белгінің болмағаны үшін ескерту жасады", – деді басқармада.
Барлық нысандардың жетекшілеріне 1-3 күннің ішінде олқылықты жою туралы ескерту берілді. Сондай-ақ белгілі болған фактілер бойынша Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізілді. Елордада маска тағу режимі сақталады.
Адам көп жерлерде, автобустарда, дүкендерде бетперде киіп, қашықтық сақтап, антисептик қолдану керек. Қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жағдайда қала бұрынғы қатаң карантин режиміне қайта оралады – нысандар жабылып, қалада қозғалысқа шектеулер енгізіледі.