Халықаралық конкурстың ашылуы кеше Ботаникалық бақтың аумағында өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Есіл ауданы әкімінің аппараты суретшілердің шығармашылық тәжірибе алмасуы үшін, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қаланы мәдени туризм орталығы ретінде көрсету мақсатында өткізді.
"Мұз мүсіндер "Мың бір түн" тақырыбында Есіл өзенінен ойылып алынған мұздардан жасалады. Мүсіншілердің қандай мүсіндерді соғатыны біз үшін әлі де жұмбақ. Мүсіндер Ботаникалық бақ келушілерін қуантатын болады", – деді "Есіл" ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрлан Омаров.
Байқауға Қазақстан, Ресей, Қытайдан 16 команда қатысуда.
Қазақстандық команда Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау, Орал, Риддер, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Ақмола облысының мүсіншілерінен құралған. Ал Астана атынан 4 команда қатысуда.
Әр команда қазылар алқасына бір мүсінді таныстыратын болады. Жеңімпаздар 16 қаңтарда белгілі болады. Бас жүлде және жүлделі орындар алғандар кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады. Басқа қатысушылар да назардан тыс қалмайды, – дейді ұйымдастырушылар.