Елордада Наурыз мерекесі қарсаңында мұқтаж жандарға мыңнан астам азық түлік себеті тапсырылады

527

Наурыз мерекесі — игі істің бастауы. Көктемнің басты мерекесі қарсаңында Астанада жылдағы дәстүр бойынша көмекке мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеттері тапсырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Елордада Наурыз мерекесі қарсаңында мұқтаж жандарға мыңнан астам азық түлік себеті тапсырылады Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының әкімдігі мен демеуші болған PetroRetail компаниясы халықтың әлеуметтік мұқтаж топтарына және басқа да азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек ретінде азық-түлік жиынтығы қайырымдылық көмек көрсету аясында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойды.

"Бүгін Астана әкімдігі мен PetroRetail компаниясы арасында өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде осы жылдың соңына дейін компания елорданың мұқтаж отбасыларына 4 мың дана азық-түлік жиынтығы түрінде көмек көрсететін болады. Осы айда Наурыз мейрамының құрметіне мың отбасы көмек алады", — деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Астана қаласы әкімінің орынбасары акция ұйымдастырушылары мұқтаж азаматтарға көмектесіп қана қоймай, бүкіл ел бойынша орта және ірі бизнес субъектілерін қайырымдылыққа ерекше назар аударуға және белсенді болуға шақыруға ниетті екенін айтты.

"Qazaq Oil сауда брендімен PetroRetail компаниясы Наурыз мерекесі қарсаңында Астана әкімдігімен бірлесіп, қайырымдылық акциясын өткізу және оған мұқтаж жандарға көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Науқан бір реттік емес. Біздің бастамамыз компаниямыздың қағидаттарына сәйкес келеді. Біз өзімізді әлеуметтік жауапты бизнес ретінде санаймыз. Өзгелері бұл бастаманы қолдайды деп ойлаймын", — деп атап өтті өз кезегінде PetroRetail бас директоры Төлеміс Шотанов.

Еріктілер мен қарапайым тұрғындар қазір жалғызбасты зейнеткерлердің, ардагерлердің, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың, аз қамтылған отбасылардың және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы басқа адамдардың үйлеріне мыңнан астам себет тапсырды. Мың қораптың әрқайсысында ең қажетті өнімдер бар — ұн, қант, май, макарон, қарақұмық, күріш және т.б. қажетті тауарлары бар азық-түлік жиынтықтары сегіз ауыр жүкке тиелген.

"Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Бұл бізге және басқа отбасыларға үлкен көмек. Наурыз мерекесі қарсаңында осындай игі іс жасалды. Біз әкімдік пен кәсіпкерлер тарапынан үнемі көмек пен қолдау алып отырамыз. Біздің жағдайымызды бақылауда ұстап отырғандарыңызға рақмет!" - деді Көпбалалы ана Гульдария Мухамедиярова.

Астаналық Людмила Симакова да қайырымдылық акциясы аясында азық-түлік себетін алды. Ол ұйымдастырушылар мен еріктілерге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

"Елордамызда және елімізде жағдайымыз керемет болсын. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңызға рахмет. Осы және басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастырғаны үшін үлкен алғыс айтамыз", - деді ол.

Игі істер акциясы дәстүрге айналды. Әкімдік осы акцияны қолдай алатындардың барлығын бей-жай қарамай, игі істер жасауға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу