Елордада "ӨКМ Операторы" ісі бойынша сот басталды

512

Бұл қылмыстық іс бойынша 4 айыпталушы бар. 

Елордада "ӨКМ Операторы" ісі бойынша сот басталды Фото: SN.kz

Астанадағы Байқоңыр ауданының №2 сотында "ӨКМ Операторы" ісі бойынша сот отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Айыпталушылар арасында бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС экс-басшысы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек пен "ӨКМ Операторының" экс-бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко бар. Оларға сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.  Отырыс онлайн форматта өтті.

Сотталушылардың бірі – Рустам Темірбектің адвокаты Шолпан Сарсенова судья Кемеңгер Имашевқа қарсылық білдірді.

"Темірбекті қорғаушы тарапқа судья Имашевтің мүдделілігі туралы қорытынды жасауға негіз беретін мән-жайға оның алдын ала тыңдау сатысында қорғаушы тараптың өтініштерін шешудегі біржақтылығы жатады", - деді адвокат Шолпан Сарсенова.

Сот адвокаттың бұл өтінішін қанағаттандырмады.

"7 сәуірде осы қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Мұнда Темірбекті қорғаушы тараптың өтініштері қаралды. Біріншісі – қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталмаған айыптаудың үш эпизоды бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату. Екіншісі – қылмыстық іс жүргізу заңнамасы нормаларының өрескел бұзылуына байланысты осы қылмыстық істі Қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабына сәйкес прокурорға жолдау. Үшіншісі – бұлтартпау шарасын өзгерту", - деп мәлімдеді адвокат Шолпан Сарсенова.

Ал, Ахметжан Пірімқұловтың адвокаты Галина Алимгожина Пірімқұловқа іспен танысу үшін қосымша уақыт беруді сұрады.

"ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 345-бабына сәйкес соттың процеске қатысушылардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі міндеті көзделген. Өткен аптада қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде сот залы және оның сыйымдылығымен байланысты мәселе туындады. Бұл қылмыстық іс бойынша 4 сотталушы, 12 қорғаушы, жәбірленушінің 4 өкілі бар және заң процеске бірнеше прокурорлардың қатысуына мүмкіндік береді. Іс 164 томнан, 5 қорап заттай дәлелдемелерден тұрады, бұл жалпы көлемі бойынша тағы 20 томды құрайды, бұдан басқа да құжаттар бар. Осыған байланысты процеске қатысушыларды ыңғайлы жұмыс орындары бар залмен қамтамасыз етуді сұраймыз. Бүгінгі таңда Пірімқұлов 164 томның 95 томын оқымады, бұл істің барлық томдарының жартысынан көбін құрайды. Оған істермен танысуына қажетті қосымша уақыт беруіңізді сұраймыз. Пірімқұловқа 5 эпизод бойынша айып тағылып отыр, ал басқа сотталушыларда – 2 эпизодтан", - деді адвокат Галина Алимгожина.

Қалған адвокаттар мен сотталушылар адвокат Алимгожинаның бұл өтінішін қолдады. Бұдан бөлек олар сот отырысы барысында сурет және бейнежазба жасауға тыйым салу қажеттігін де жеткізді.

Келесі сот отырысы 20 сәуірде жалғасады.

Еске салайық, 2022 жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікпен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС экс-басшысы Медет Құмарғалиевті ұстаған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу