Елордада "Өнермен нұрланған асқақ Астана" фестивалі өтті

586

Мерекелік шарада этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық мәдениет пен бірлік дәріптелді.  

Елордада "Өнермен нұрланған асқақ Астана" фестивалі өтті Фото: gov.kz

Астана күніне орай қалалық Достық үйінің алаңында "Өнермен нұрланған асқақ Астана" атты мерекелік фестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар ұлттық ән мен биден шашу шашып, этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар қонақтар ұлттық қолөнермен, салт-дәстүрлермен танысып, түрлі шеберлік сағаттарына қатысты.

Астана қаласы Достық үйі басшысының орынбасары Камета Ибраева фестивальдің қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

"Бүгін Астана күніне орай ұйымдастырылған "Өнермен нұрланған асқақ Астана" фестивалі – елордамыздағы бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, олардың арасындағы достық пен өзара құрметті нығайту. Бүгінгі мерекеде шығармашылық ұжымдар өнерлерін паш етіп, қонақтар ұлттық қолөнермен, салт-дәстүрлермен танысып, түрлі шеберлік сағаттарына қатысуға мүмкіндік алды.

Осындай мәдени бастамалар қоғамдағы келісімді бекемдеп, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосады. Барша елорда тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік, бірлік пен береке салтанат құрсын", – деді Камета Ибраева.

Фестивальге қатысқан Jason’s.kz ансамблінің солисі, өзбек ұлтының өкілі Шахноза Хамидова да мұндай іс-шаралардың этностар арасындағы достықты нығайтудағы рөліне тоқталды.

"Бүгін Астана күні осындай керемет мерекелік шарада өнер көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын. Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай фестивальдер әртүрлі этнос өкілдерін жақындастырып, достығымызды одан әрі нығайтады. Біз бір-біріміздің мәдениетімізбен, салт-дәстүрлермен танысып, жаңа достар тауып, тіпті өзге тілдерді үйренуге мүмкіндік аламыз.

Мұндай іс-шаралар еліміздегі бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі деп ойлаймын", – деді Jason’s.kz ансамблінің солисі Шахноза Хамидова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу