Елордада отандық тауар өндірушілер және инвесторлардың қатысуымен форум өтеді

Жиынның мақсаты – қазақстандық қамту үлесін кемінде 60%-ға жеткізу шараларын зерделеу.  

Елордада отандық тауар өндірушілер және инвесторлардың қатысуымен форум өтеді Фото: ortcom.kz

16 қараша күні "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірлесіп, "ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАМТУ 2.0" халықаралық форумын өткізеді. Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары  Мұрат Амрин Орталық коммуникациялар алаңында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тау-кен металлургия саласының өкілдері, отандық тауар өндірушілер, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар бір алаңда жиналады. Осы саладағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту, елішілік құндылықты дамыту, сондай-ақ халықаралық компаниялардың озық тәжірибелерін талқылаймыз", – деді спикер. 

Жоғарыда аталған мәселелер Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарында көрсетілген. 
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 6-тармағында реттелетін сатып алулардағы отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттардың үлесін кемінде 10%-ға дейін жеткізу және 3 жыл ішінде реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін кемінде 60%-ға дейін қамтамасыз ету шаралары көзделген.

"Тау-кен металлургия өнеркәсібі экономикадағы жүйе құраушы салалардың бірі болып табылатынын, оның елдің ЖІӨ-дегі үлесі 2022 жылдың аяғында 9,5%-ды құрайтынын түсіну қажет. Тау-кен металлургия кешені экономиканың басқа салаларына үлкен мультипликативті әсер етеді", – деді "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу