"Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында елордалық полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен екі адамды қолға түсірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Polisia.kz-тің мәліметінше, Есіл ауданының криминалдық полиция қызметкерлері Түркістан көшесінде күдік тудырған ВАЗ 2109 автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тінту барысында жедел уәкілдер ақшыл-сарғыш түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 4 орамды тауып, тәркіледі.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, бұл зат мефедрон есірткі құралы болып шықты. Белгілі болғандай, күдіктілер есірткіні жеке тұтыну үшін әлеуметтік желі арқылы сатып алған.
36 және 30 жастағы екі ер адамды медициналық куәландыру кезінде олардың есірткі затын қолданғаны анықталды. Осыған байланысты сот шешімімен күдіктілер жауапқа тартылып, арнайы қабылдағышқа қамалды. 10 тәуліктік мерзім аяқталғаннан кейін, тергеу жүргізілгенше, уақытша ұстау изоляторына ауыстырылады.
Полиция елорданың тұрғындары мен қонақтарын заңсыз есірткі сақтауға қатысты қандай да бір ақпарат болған жағдайда дереу "102" нөмірі арқылы полицияға хабарласуға шақырады.