Елордада полиция қызметкерлері сәби мен оның анасын өрттен құтқарып қалды

1848

Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шығып, қолында нәрестесі бар ана мен оның 14 жасар қызы жалын арасында қалып қойған.

Елордада полиция қызметкерлері сәби мен оның анасын өрттен құтқарып қалды

Әйел мен оның баласын өрттен алып шыққан Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Дінмұхамед Масадықов пен полиция аға лейтенанты Ернат Ақанов алғыс алды. Батылдық танытқан полиция қызметкерлері туралы ІІМ баспасөз қызметі жариялады.

12 тамызға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шығып, қолында нәрестесі бар ана мен оның 14 жасар қызы жалын арасында қалып қойған.

"Баламның аузын сулы матамен жауып, барынша терең демалуға тырыстым. Алайда, уақыт өткен сайын қара түтіннің ішінде дем алу қиындай түсті. Қасымда 14 жасар қызым болды. Күйеуім Қарағандыдан келе жатқан еді. Бар ойым екі баламды құтқару болды. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезетте үйге полицейдің кіріп келе жатқанын байқадым. Мен оларды шақырмаған едім, ол қайдан келді деп аң-таң болдым. Кейін анықталғандай, менің көмекке шақырған даусымды естіп, көршілердің бірі полицияға хабарлаған екен. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, ешқандай арнайы техникасыз бізді аман алып шықты. Сол сәтті ойласам, әлі өз-өзіме келе алмаймын. Алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін. Дінмұхамед секілді тәртіп сақшыларының қатары көбейе берсін. Оның ержүректігінің, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында аман қалдық. Оның серіктесі де рация арқылы жағдайды бақылауда ұстап, бағдар беріп тұрды. Біз осы екі полицейге мың алғыс білдіреміз", – дейді сол күнгі оқиға туралы Жанар Садуақасқызы.

Дінмұхамед Масадықов: "Үйде кішкентай бала барын білген кезде, бар ойым сәбиді аман алып шығу болды. Өйткені үлкен адамдар өрт сөндірушілер келгенше шыдай алар еді, ал бөбектің аман қалуы екіталай. Қолымнан келгенін жасап, ең бастысы анасын сабырға шақырдым. Бәрінің дін аман шыққанына қуанамын", –­ дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу