Тәртіп сақшылары халық көп жиналатын орындарда тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың мазасын алатын қайыр сұрау, ақша талап ету және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттердің жолын кесу.
Полицияның мәліметінше, көшеде өтіп бара жатқан адамдардан ақша сұрау, қызметтерді күштеп ұсыну, бал ашуды желеу ету немесе заңда белгіленген тәртіппен тіркелмей тауар сатып алу не сатуға қатысты азаматтарға тиісу әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Мұндай әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Осыған байланысты Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қайыршылықты материалдық тұрғыдан қолдамауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын жағдайлар кездескенде құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.