Елордада сатып алу құқығынсыз пәтерді жалға алуға өтініш онлайн қабылданады

778

Бағдарламаға іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

Елордада сатып алу құқығынсыз пәтерді жалға алуға өтініш онлайн қабылданады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Қабдешова сатып алу құқығынсыз тұрғынжайларды жалға беру қалай жүзеге асатынын айтты.

"Елордада сатып алу құқығынсыз пәтерлерді жалға алуға өтініш қабылдауды бастаймыз. Құжаттарды қабылдау желтоқсан айының 1-6 аралығында әкімшіліктің astana.gov.kz сайты арқылы онлайн түрде жүзеге асады. Ең алдымен қажетті құжат – үміткердің электронды-цифрлық кілті. Егер азамат негізгі талаптарға сай келсе, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алады. Бағдарламаға іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Өтініш берушілердің отбасы, балалары, жеке кәсібі болса немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істесе балл қосылады. Сонымен қатар әртүрлі марапаттар мен мадақтау қағаздары болса, оған да ұпай қосылады. Жұмыс істейтін жастарға 350 пәтер ұсынылып отыр. Орналасқан жері – Қордай көшесі мен Қошқарбаев даңғылы және Абылайхан мен Момышұлы көшелерінің қилысында. Көлемі 31-ден 47 шаршы метр аралығында болатын 1 бөлмелі пәтерлер беріледі. Аумағы үлкенірек пәтерлер балалары бар отбасыларға беріледі", – деді Тұрғын үй қоры өкілі.

Арманай Қабдешова карантин кезінде 42 500 теңге жәрдемақы алған азаматтар жәрдемақы алған есепшотының анықтамасын беруі тиіс екенін еске салды.

"Өтініш берушілердің анықтамасы болса, үш айда төлемақы болмағанына көз жұма қараймыз. Ал егер 42 500 теңге алмаса, соңғы алты айдағы жалақысы 111 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Кез келген сұрақпен 109 нөміріне, iKomek қызметі арқылы хабарласып кеңес ала алуға болады. Құжаттар тапсырылғаннан кейін олардың қабылданғаны немесе бас тартылғаны жөнінде хабарлама жіберіледі. Құжаттарды түзету қажет етілсе, себебі көрсетіліп, түзетуге бір күн уақыт беріледі", – деп түсіндірді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу