Бүгін елордада 500-ге жуық дизайнер осы концепцияда жасалған жұмыстары бойынша сайысқа түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Беларусь елдерінің түкпір-түкпірінен келген жас дарындар 15 номинация бойынша бақ сынады. Олар коммерциялық ұйым, пәтер, кафелерде қолданылып жүрген немесе болашақта жүзеге асатын жұмыстарын таныстырды.
Бұл – дизайн, архитектура саласының мамандарына халықаралық аренаға шығып, әлемдік нарыққа танылу үшін зор мүмкіндік. Дизайнерлердің жұмыстарына арнайы Франциядан шақырылған қазылар алқасы мен сайыстың 20 серіктесі баға берді. Яғни, жүлделі болмаса да, ерекше көзге түскен жобалар қаржылай қолдау таба алады.
"Дизайнерлерге қойылатын талаптардың ішінде бірден бірі өзінің дизайн концепциясы ыңғайлы, заманауи, дұрыс жүзеге асырылатын, біріншіден әдемі болу керек. Себебі, дизайнерлер – әдемілікті, жақсы өмір сүру стилін қалыптастыратын адамдар. Жас дизайнерлерді баулу, үйрету – мақсат, енді бастап жатқан дизайнерлер де бар. Әлемдік нарыққа қалай шығу деген өзіне үлкен мотивация алады", – деді Халықаралық дизайн, архитектура премиясының ұйымдастырушысы Айдос Сәбит.