Акция барысында жассарбаздықтар Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан "Я живой" орталығына барды. Іс-шара барысында "Жас Сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілері жануарлармен серуендеп, оларды тамақтандырып, жатын орнын тазалап берді.
"Соңғы уақытта елімізде үй жануарларына қатысты проблема кеңінен көтеріліп жүр. Ит-мысықтарды азаптап өлтіру деректері де жиі кездеседі. Қараусыз қалған жануарлардың адамдарға зиян келтірмейтініне де кепілдік жоқ. Осыған байланысты үй жануарларын және иесі жоқ жануарларды қорғау мақсатында "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан "Я живой" орталығына барып, "Сенімді дос" акциясын бастадық. Бүгінгі келіп отырған орталығымыз біздің акциямыз аясындағы алғашқы орталық. Бұл орталықта 73 ит пен 180 мысық өмір сүреді екен. "Я живой" орталығы толықтай дерлік демеушілердің қолдауымен ғана жұмысын атқарып отыр және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тарапынанда көмек көрсетілуде. Біз соңғы кездерде қоғамда үй жануарларына көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылыққа қарсы екенімізді айтқым келеді. Үй жануарларына арналған соңғы заңнаманы қолдаймыз. Біздің акциямызды Нұр-Сұлтан қаласының ұйымдары да қолдайды деген сенімдемін", - деді "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.