Елордада "Шаңырақ бағдарламасы" бойынша үйлерін ала алмай жүрген тұрғындар наразылық білдірді

666

Отбасы Банк елордада кезекте тұрған тұрғындар арасында конкурс өткізген. 150-ден астам адамның тиісті құжаттары дайын болғандарына қарамастан, әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүр, деп жазады inbusiness.kz.

Елордада "Шаңырақ бағдарламасы" бойынша үйлерін ала алмай жүрген тұрғындар наразылық білдірді

Банк мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық несие беруге қаржыландыру жоқ деп қысқа жауап берген. 

"Қаржыландыру мәселесінің осындай себепке келгені. Қазіргі таңда елімізде ұлттық жоба жасалып жатыр. Соның ішінде тұрғын үй құрылыс коммуналдық қызметін дамыту туралы үлкен бөлім бар. Сол концепция бекітілуде. Мемлекеттік органдарда келісім алып жатыр. Сол өткеннен кейін бізде қосымша қаржыландыру көздері ашылады. Барлығы үйлі болады", – деді "Отбасыбанк" АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай.

Отбасыбанк басшысы қайтарылған ақша есебінен кезекте тұрған адамдарға үй кезең-кезеңмен берілетіндігін айтты. Жаңа концепция бекітілгеннен кейін конкурстан өткен адамдардың бәрі шақырылады деп сендірді. Бүгінгі таңда Метро жанындағы тұрғын үй кешенінде 200-ден астам пәтер бос тұрған көрінеді. Сонымен қатар банк басшысы тұрғындарға осыған дейін берілген тұрғын үй сертификаттары жарамды деп айтты. Егер де әртүрлі себептермен 15 күн ішінде сол құжатты пайдаланбаған болса, оны қайтадан тапсыра алады.  

Қала тұрғыны Салтанат Алимбекова толық емес отбасы, яғни асыраушысынан айырылған санаты бойынша 2020 жылдан бері әкімшілікте кезекте тұр. "Шаңырақ" бағдарламасы туралы естіп, 2022 жылдың 2 мамырында конкурсқа құжаттарын тапсырады. Оған "конкурстан өттіңіз" деген хабарлама келеді. Барлық сұратқан құжатты Отбасы банкке өткізген. Толық емес отбасы бойынша 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз сертификат та алады. Салтанат бұл мәселе тезірек шешімін тапса деп күтеді. Жалдамалы пәтерге айына 150 мың теңге төлеймін дейді. 

"Үйге кіре алмай отырмыз. Барлығы тұр. Кілт жоқ. Негізгі проблема қаржыда болып тұр. Бұл "Шаңырақ" бағдарламасы қаржыландырылып келе жатып, кезек бізге келгенде осылай болды. 7 шілде күні сертификат алдым, екі күннен кейін ба ақша шотыма түсті. Банк алдын ала расталған несиені,  оның графигін де түзіп берді.  8 жылға 107 мың теңгеден. Білесіздер, мектепке қабылдау 1 тамызға дейін. Үш балам бар. Әлі отырмыз үйге кіре алмай", – деді Салтанат Алимбекова. 

Салтанат Отбасы банк басшылығы берген түсіндірмеден соң, қалған үй кезегіндегі адамдармен бірігіп, оларға ресми хат жолдаймыз деп отыр. 

"Бүгін хабарлама жібереміз. Ақыры сол үй бізге тиесілі екен ғой. Кілтті алып ішіне жайғаса берейік. Соны шешіп беріңіздер деп қазір осы қарқынымызбен барамыз. 15 күні ішінде қаралады дейді. Үй атымызда тұр еговта. Ең болмаса олар кезекпен аудара берсе, біз әрі қарай төлей береміз. Өз үйімізде күтсек", – дейді қала тұрғыны.

Еске сала кетейік, "Шаңырақ" бағдарламасы пилоттық жоба ретінде 2020 жылы ашылған. Бүгінге дейін бұл бағдарламамен 4 557 адам үйлі болды. Несие мөлшерлемесі – жылына 5%-ды, бастапқы жарна – 10%-ды құраса, несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу