Елордада сотталған 200 азамат жазасын көше сыпырып өтеп жүр

1180

Қоғамдық жұмысқа жегілгендердің басым көпшілігі есірткі пайдаланған.

Елордада сотталған 200 азамат жазасын көше сыпырып өтеп жүр

Қала саябақтарының бірінде оншақты ер-азамат қолына тырма ұстап, алаңқайларды тазалап, күзгі жапырақты жинап жүр. Көгалдандыру мекемелерінің жұмысшыларынан айырмашылығы – олардың әрекетін полиция жіті бақылауда.

Полиция қызметкерінің түсіндіруінше, мас күйінде көлік жүргізген, есірткі пайдаланған немесе басқа да жеңіл қылмыс жасаған азаматтар жұмысы мен оқуын тастамай, отбасынан ажырамай жазасын өтеуге мүмкіндік алған. Олардың арасында әртүрлі салада жұмыс істейтін азаматтар, студенттер, тіпті, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер де кездеседі.

"Сот шешімімен жауапқа тартылған адам күніне 4 сағат қоғамдық жұмыс жасайды. Ал жұмысы жоқ немесе оқу оқымайтын, қолы бос адамдар күніне 8 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Еңбегі үшін ақы алмайды. Олар негізінен көше тазалау, көгалдандыру, қыс кезінде қар тазалау сынды жұмыстар атқарады. Бұл санаттағы сотталғандарды бақылауды Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметі жүзеге асырады. Одан басқа жұмыс беруші тарапынан да күнделікті бақылау жүргізіледі. Әкімдік жанындағы консультативтік кеңес органының шешімімен "Астана тазалық" кәсіпорны және "Астана көгалдандыру" мекемесімен меморандум жасадық. Мемлекет қаражатын жұмсап, қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру мекемелерінде ұстағанша, осындай жаза түрлерін қолданған дұрыс деп ойлаймын", – деп айтып өтті Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысы Ернат Ақылжанов.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, бүгінгі күні елордада екі жүзден астам заң бұзушы қоғамдық жұмысқа жегілген. Олардың басым көпшілігі есірткі пайдаланған. 

"Егер сотталушылар осы уақыт арасында тәртіп бұзса, жазаның одан да жоғары түріне тартамыз, яғни бас бостандығынан айырамыз. Жыл басынан бері 4 азамат осындай жазаны орындаудан жалтарғаны үшін сот шешімімен қамауға алынды. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында екі жүзден астам адам осындай жолмен жазасын өтеп отыр. Құқық бұзушылар көше сыпырып, қоқыс тазалап, қоғам алдындағы қылмысын жуып-шаюда", – дейді департамент басшысы.

Үстіне жасыл жейде киіп, жер сыпырып жүрген бір азаматты сөзге тарттық.

"Мен есірткі сақтағаным үшін сотталдым. Қазір осылай көше сыпырып, жазамды өтеп жүргенмін. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Қоғам алдындағы кінәмді толық мойындаймын. Бір жағынан таза ауада жұмыс істеген де мен үшін пайдалы", – дейді өзін Евгений деп таныстырған жас жігіт.

Айта кетсек, қылмыстық атқару жүйесіндегі қоғамдық жұмыстың түзеу жұмыстарынан айырмашылығы – сотталған адам бос уақытында жұмыс істеу арқылы жазасын өтейді. Яғни азаматтарға кінәсін еңбегімен өтеуге мүмкіндік беріледі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу