Биыл Қонаев, Достық, Түркістан, Ақмешіт көшелеріне біржақты қозғалыс енгізіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
"Бүгінгі таңда жаңа көшелердің құрылысын ескере отырып, біржақты қозғалыс тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңге сәйкес, биыл Қонаев, Достық, Түркістан, Ақмешіт көшелерінде жалпы ұзындығы 11,2 км болатын Bus Lane қоғамдық көлік жолағымен біржақты қозғалысты енгізу жоспарланған. Бұл өткізу қабілетін 20%-ға арттыруға, ЖКО санын 15%-ға төмендетуге, іргелес жатқан көшелерге жүктемені азайтуға, қоғамдық көлікке басымдық беруге мүмкіндік береді, сондай-ақ, бұл сол жақ жағалаудағы жалпы көлік жағдайына оң әсер етеді", – деді жол қозғалысы және көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Әбдуалиев.
Ол көлік ағынын қалыпқа келтіру үшін қалада жалпы ұзындығы 14,5 шақырымды құрайтын (Кенесары, Абай, Желтоқсан, Әуезов, Янушкевич, Мәмбетов көшелері) алты учаскеде біржақты қозғалыс енгізілгенін атап өтті. 2018 жылы Желтоқсан және Бұқарбай батыр көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілген болатын.
"Бүгінгі таңда біржақты қозғалысты енгізу өзінің тиімділігін дәлелдеді деп айтуға болады. Мысалы, көлік ағынының орташа жылдамдығы 33%-ға, өткізу қабілеті 25%-ға артса, қиылыстардағы кідіріс уақыты 30%-ға төмендеді", – деп түйіндеді сөзін ол.