Аталған ескерткіш Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа даңғылының бойында ашылды. Салтанатты шараға Талғат Бигелдиновтың қыздары Галина мен Райхан, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Қарулы Күштердің ардагерлері, қоғам қайраткерлері, "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының өкілдері мен әскери қызметшілер қатысты.
"Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың бүкіл саналы ғұмыры – ерен ерлік пен батылдықтың, кәсіби шеберлік пен Отанға адалдықтың үлгісі. Соғыс жылдары ол ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет ұшты. Осы 500 сағаттық ұшу кезінде ұшқыш ең жауапты тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Батылдығы мен ерлігі үшін Ленин, Қызыл Ту, Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ, I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды, екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп танылды", – деді қорғаныс министрі.
Елордада әйгілі ұшқышқа ескерткіштің ашылуы алапат майданда ерлікпен шайқасып, тылда жеңісті жақындатқан ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлік жолын мәңгі есте сақтайтын ұрпақ сабақтастығын көрсетеді.
Жеңіс жолында өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, сұрапыл соғыстың алапат майданынан өткен Талғат Бигелдиновтың ерліктері ел тарихына мәңгі сақталады.
Соғыстан кейінгі жылдары ол әскери және азаматтық авиацияда жұмыс істеді, қоғамдық қызметпен айналысты. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуы жолында, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында белсенді жұмыс жүргізді
Бүгінде Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты мен Қарағанды "Жас ұлан" республикалық мектебі батыр ұшқыштың берілгенін мақтан етеді. Аталған оқу орындарының аумағында аты аңызға айналған батырға ескерткіштер орнатылған. Курсанттар мен ұландар батырдың ғұмыры мен жауынгерлік жолын үлгі етеді.