Елордада тәрбиешілер 2 айдан бері жалақысын ала алмай отыр

1912

Білім және ғылым вице-министрі мәселені шешіп беруге уәде берді.  

Елордада тәрбиешілер 2 айдан бері жалақысын ала алмай отыр

Нұр-Сұлтанда балабақша тәрбиешілері 2 ай бойы жалақы алған жоқ. Оны төлей алмай отырмыз. Бұл туралы "Тәй-тәй star" балабақшасының директоры Баян Ахатай айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қаладағы кейбір балабақшалар ата-аналар берген ақшаның есебінен тәрбиешілердің жалақысын шамасынша беріп отыр.

"Ал кейбір балабақшалар мүлдем айлық берген жоқ. 2 ай болды. Тіпті, айлықты көтермек түгілі бүгінде бұрын беріп жүрген айлықтың өзін бере алмай отырған жайымыз бар.

Мен ғимаратты жалдау, коммуналдық және тағы басқа шығындар туралы айтып отырған жоқпын", – деді ол "Атамекен" ҰКП-да өткен онлайн жиында.

Баян Ахатай қаладағы көптеген жеке меншік балабақша иелері осындай жағдайға тап болғанын ашық айтты.

"Мен көптеген балабақшаның атынан сөйлеп отырмын. Өйткені, біз әлеуметтік желідегі чаттарда осы мәселені үнемі талқылап жүрміз. (Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасынан – автор) қаржы әлі бөлінген жоқ. Оның бүгін не ертең түсетіні де анық емес. Елордада қаржыландыруды жүйелі түрде жүргізуге бола ма?", – деді директор.

Ол қаржының уақытында түспеуінен заң бұзылып отырғанын жеткізді.

"ҚР Еңбек кодексін, педагог статусы туралы заң бұзылып отыр. Тәрбиешілердің жалақысын бере алмай отырмыз.

Ал қалалық білім басқармасы тарапынан келісімшарт талабын орындамауы қаншалықты заңды?", – деді Баян Ахатай ағынан жарылып.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәселені шешіп беруге уәде берді.

"Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарына хабарласып, мәселені шешім беруді сұраймын. Мұны шешеміз. Қандай шешім қабылданғанын чатқа жіберемін", - деді вице-министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу