Тест былтырғыдай күнара емес, күн сайын өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтандағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 20 маусым мен 5 шілде аралығында үш университетте өтеді. Олар – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2 589 оқушы, 13 аудитория), С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (1818 оқушы, 7 аудитория) және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті (1884 оқушы, 13 аудитория).
"Бүгінде ҰБТ қатысушыларының мәліметтер базасы бар, сәйкестендіру кодтарын беру рәсімі өтті. ҰБТ өткізу орындары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді", – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы.
Биыл ҰБТ-ға қатысушылар саны екі есе артып, барлық лек 14-ке жетті. Осылайша былтырғы оқу жылындағыдай күнара емес, әр күн сайын өткізіледі.