Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, елорда әкімі Алтай Көлгінов, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Ішкі істер және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ведомство қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.
Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанын қорғап, ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлері – қазақстандық жауынгерлердің құрметіне салынды.
“Отан үшін от кешкен бабалардың рухына қызмет жасау – әрқашан да біздің парызымыз. Толқынды толқын қуады дейді. Қазақ айтады “тұлпардың дүбірін естімеген тай арғымақ бола алмайды” деп. Сондықтан бүгінгі іс-шара – болашақ ұрпаққа үлгі. Еліміздің тыныштығын, құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға бүкіл күш-жігерімізді саламыз”, – деді іс-шараға қатысқан Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына бір жарым миллионнан астам қазақстандық қатысты, олардың жартысынан көбі майдан даласынан елге оралған жоқ. 500-дей отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанып, 124-і – “Даңқ” Орденінің толық иегері болды.
Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Батырлардың есімі өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке қалары сөзсіз.