Елордада үздік әлеуметтік жобалардың авторлары марапатталды

1688

Нұр-Сұлтан қаласында "Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары" VII республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды.  

Елордада үздік әлеуметтік жобалардың авторлары марапатталды

Биыл конкурсқа қатысуға 224 өтінім келіп түсті,оның ішінде өңірлік кезең барысында 57 жоба таңдап алынд, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Марапаттау рәсімі Тәуелсіздік сарайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің, ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Үкіметі өкілдерінің, ҚР Парламенті депутаттарының және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен өтті.

Алпыс шақты жобаны қарап шыққан комиссия мүшелері "Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары" республикалық көрмесінің қатысушыларын анықтады. Олардың ішінде Алматы қаласынан 4 жоба, Жамбыл облысынан 2 жоба, Шымкент қаласы, Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 1 жоба ұсынылды.

Комиссия құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, бизнесмендер, ҮЕҰ және БАҚ басшылары, сондай-ақ әлеуметтік сала ардагерлері кірді. Биылғы жылы жобалар "Әлеуметтік проблемаларды шешуді ақпараттық ілгерілету", "Әлеуметтік саладағы волонтерлік қозғалысты дамыту", "Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету", "Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету" және "Өмірлік қиын жағдайларды жеңуге көмек көрсету" 5 бағыты бойынша бағаланды.

"Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары" конкурсының жеңімпазы Алматы облысының "Адаптивті атқа міну" жобасының үйлестірушісі Қуаныш Нұрмахамбет болды. Бұл жоба иппотерапия бойынша қызмет көрсету арқылы ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған.

Қуаныш Нұрмахамбеттің айтуынша, екі жыл ішінде 80-ге жуық адам атқа міну арқылы ақысыз оңалту қызметтерін алған. Осының нәтижесінде мүгедектігі бар балалардағы вестибулярлы және тірек-қимыл аппараты мен барлық бұлшықет топтарының функциялары жақсарып, вегетативті жүйке жүйесіне оң әсерін тигізді.

Екінші орынға алматылықтар Ләззат Қалтаеваның – "Мүгедектігі бар қыздарға арналған жеке өмір мектебі" мен Раиса Сыпабекованың – "Шыңға Өрлеу" әлеуметтік клубы жобалары ие болды.

"Мүгедектігі бар қыздарға арналған тәуелсіз өмір мектебі" жобасы мүмкіндіктері шектеулі жастарды қоғамға ықпалдастыруға, елде инклюзивті қоғам құруға бағытталған. Мұнда оларға мүгедектікке қатысты қорқыныш пен қауіпсіздікті жеңуге көмек көрсетіледі, өзін-өзі бағалауды жоғарылату мен өз өмірін жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі.

"Шыңға өрлеу" жобасы көпбалалы және табысы аз отбасыларда тәрбиеленетін кіші мектеп жасындағы балаларға өмірлік тәжірибені, білім мен дағдыларды берудің үйлесімді процесін қалыптастыру арқылы, әр түрлі форматтағы нәтижелі, екі жақты қарым-қатынас жасаудың нітижесінде өмірде қиын жағдайға тап болған аға буын өкілдерін қоғам өміріне тартуды көздейді.

Үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Сәлімхан Сәбитовтың "Тең жол" және Қостанай облысынан Айсұлу Жұмабаеваның "Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету" жобалары иеленді.

Сәлимхан Сәбитовтің жобасы – бұл қолмен басқарылатын көлікте автомобиль курстарын ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін беру арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оқытуды ұйымдастыру. Мүгедектігі бар әйелдерді жұмысқа орналастыратын тігін цехы – Айсұлу Жұмабаеваның табысты жобасы.

Жүлделі орындарға ие болған конкурс жеңімпаздары: 1 орын – 1,5 млн теңге, 2 орын – 1 млн теңге, 3 орын – 500 мың теңгеге ақшалай сертификаттармен, дипломдармен және стеллалармен марапатталды. Барлық финалистерге алғыс хаттар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында өткізілген онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған үш жеңімпаз анықталды: 1 орынға – Павлодар облысынан Светлана Качураның "Жүрек үнімен" жобасы (9911 дауыс), 2 орынға – Нұр-Сұлтан қаласынан Евгения Чеботаревскаяның "Шуақты әлем" жобасы (8422 дауыс), 3 орынға – Шымкенттік Камила Ишметованың "Ерекше балаларға арналған аква терапиясы" жобасы, (5100 дауыс) тұрақтады. Онлайн дауыс беру жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу