Ұлттық қорғаныс университетінде өткен Халықаралық армия ойындарының салтанатты ашылу жиынына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы күштерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл еліміздің аумағында үш байқау өткізіледі. Олар – "Артиллериядан оқ ату шеберлері", "Меридиан" және "Тактикалық мерген" байқаулары. Соңғы екеуі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Елімізде өтетін сайыстарда барлығы 26 команда бағын сынайды. Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонында минаатқыш есептоптарының үздіктерді анықталады. Ақмола облысының Щучинск қаласындағы "Амандық" полигонында әскери топографтардың сайысы өтсе, Қарағанды облысының "Спасск" оқу-жаттығу орталығында армия мергендері жарыспақ.