Астанада жас полицейлердің кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды Елорда Инфо Астананың полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметінің басқармасы Райымбек батыр атындағы "Қазғарыш" № 50 мектеп-лицейінде "Алғаш жас полицейлер кадет сыныбын" ашты. Онда 10-сыныптан – 30 оқушы, 6-сыныптан – 20 оқушы ант қабылдады.
"Барлық кадет сынып оқушылары Жарғының талаптарын орындауға міндетті, сонымен қатар "Жас полицейлер кадет сыныбының" ережелеріне сәйкес ыждағаттылық пен табандылыққа ие болуға, жан-жақты дамыған болуға, білімді және мәдениетті адам болуға, қоғамдық және өз әскери борышын адал орындауға дайын болуға, полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуға, "Жас полицейлер кадет сыныбының" ережелерін сақтауға, мектеп ішіндегі ішкі тәртіп пен ережелерді сақтауға, бағалап құрметтеуге міндетті", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2019 жылы елордадағы №25, 61, 74 мектептерінде "Жас полицейлер кадет сыныптарын" ашу жоспарлануда.
Астана қаласының полиция департаментінің басшылығы мектеп әкімшілігі мен оқушыларды грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.