Астанада 10 мыңнан астам студент жатақханада тұрады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының ақпаратынша, қазіргі таңда қаладағы жиырма жатақханада 10 702 студент тұрады.
"Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында, жатақхана салу үшін 15 жер телімі анықталды. Олардың жалпы аумағы 18,6 га құрайды. Шамамен 19 628 орынға арналған. Көрсетілген 15 жер учаскелерінің 4-і – жоғары оқу орындарына тиесілі, 6-ы – мемлекеттік меншікте, 4-і – басқа жер пайдаланушыларға тиесілі, 1-і – жалға беріліп отыр. Жер телімдерін бөлу, белгіленген тәртіппен 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында жоспарланған", – делінген басқарма хабарламасында.
Аталған жер учаскелерінде жоспарлау жобаларын егжей-тегжейлі түзету белгіленген мерзімде жүргізіледі. Астана қаласының әкімдігі жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесіп ҚР білім және ғылым министрлігі мен қалалық әкімдіктің студенттер, магистранттар және докторанттар үшін жатақханалар салу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.