Қылмыс туралы полицияға Абат Байтақ көшесіндегі жеке үйдің тұрғындары арызданған. Зардап шеккен үй иелерінің айтуынша, үйден алтын бұйымдар жоғалып кеткен, деп хабарлайды Inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдікті терезені сындыру арқылы үйге заңсыз кіріп, жасырын түрде жалпы құны 220 мың теңге тұратын ерлердің алтын сақинасын және қол сағатын алып шыққан.
Сарыарқа ауданы ПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында 34 жастағы ер адамды анықтады. Ол кінәсін толық мойындап, кейін ұрланған заттарды Қарасай батыр көшесіндегі ломбардқа тапсырғанын айтты.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елорда аумағында басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.