Астанаға спорттық нысандар қатарына тағы бір кешен қосылады. Елорданың сол жағалауындағы 7 мың көрерменге арналған жеңіл атлетика манежі салынады, деп хабарлайды 24.kz.
Онда тек республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі жарыстар өтетін болады.
Елімізде жеңіл атлеттерге арналған жалғыз-ақ манеж бар. Бұл спорттық нысан Өскеменде Ольга Рыпакованың Лондон Олимпиадасында жеткен жеңісінен кейін салынды. Кешен осы спорт түрінің барлық талаптарына сай келеді. Қазір республикалық жарыстардың дені сонда өтеді.
Жақында дәл осындай спорттық кешен Астанада бой көтереді. Жеңіл атлетика алаңы 10 гектар аумаққа орналасады. Нысанның өзіндік инфрақұрылымдық жүйесі болады. Оған қоса қонақ үй кешені де қызмет көрсетеді.
Жеңіл атлетика федерациясы басшылығының мәлімдеуінше, тиісті қаражат та бөлінген.
"Бұл ілуде бір кездесетін бірегей спорт алаңы болады. Халықаралық федерация да қолдап отыр. 2019 жылдан кешіктірмей, пайдалануға беріледі деген жоспар бар", - дейді , ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков.