2017 жылдың 4 айында елордада мақсатты түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елордада жол апатының саны 28,6%-ға төмендеді. Бұған қоса, жолда қаза тапқандар саны 9%-ға азайса, жараланғандар 23%-ға кеміген. Елордалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сүйенсек, кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен болатын апаттар саны 20%-ға, зардап шеккен балалар саны 16%-ға азайған, қаза тапқандар жоқ.
Жыл басынан бері Астанада балалардың қатысуымен болған жол апатының 70%-ы жүргізушілердің кінәсінен болған және зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолаушы.
Жол апатында балалардың жаралануының алдын алу мақсатында жазғы демалыс қарсаңында 1 мамырдан 1 маусымға дейін елордада "Балалардың жолдағы қауіпсіздігі" республикалық кең ауқымды акциясы өткізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері оқушылармен және алып қуыршақтармен бірге жас жаяу жүргіншілерге жарық шашатын білезіктер таратады. Бұл қараңғы кезде пассив қауіпсіздік элементтерін тағып жүру қажеттілігін тағы еске салады.
Сондай-ақ акция аясында автобустарда және аялдама алаңдарында жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға шақыратын балалар салған суреттер ілінеді. Ал қоғамдық көліктердің салондарындағы телеэкрандарда және қаланың кинотеатрларында ЖЖЕ бойынша әлеуметтік роликтер орналастырылады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада рұқсат етілмеген жерде жолдан өткені үшін 5000 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.