Мониторинг барысында №1 автобус паркінің қызметкері коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Қызметкерлер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопарк карантинге жабылды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Автопарк пен автобустар дезинфекциядан өтті. Қызметкермен жақын қарым-қатынаста болғандардың бір бөлігі стационарға жатқызылса, ал қалғандары үй карантинінде.
Бүгіннен бастап елордада жолаушыларға автобустың алдыңғы есігі арқылы кіруге тыйым салынды. Жүргізушілер отыратын жер арнайы лентамен қоршалды.
Қолма-қол ақша төлеуге болмайды. Қолма-қол ақшасыз төлемдер ғана қабылданады. (Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98%-ды құрайды).
Еске сала кетсек, кешеден яғни 26 наурыздан бастап автобустар кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана жүретін болды. 28 наурыздан бастап карантиндік аймақта орналасқан барлық қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Олар Қосшы, Тайтөбе, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ы.Алтынсарин, "Нұрлы" саяжай кенттері (№ 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326).
ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап, бірқатар қосымша қатаң шаралар бекітілді:
1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.