Елордада автобус паркі жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл туралы қалалық автобус паркіне барып жұмысшыларды кәсіби мерекелері – Көлік қызметкерлері күнімен құттықтаған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Елорда әкімі сала жұмысшыларының қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
Алтай Көлгінов соңғы 5 жылда 700-ден астам автобус сатып алынғанын атап өтті.
"Қалалық акселератор аясында құрылған жұмыс тобы қоғамдық көлікті жақсартып, жетілдірумен айналысады. Біз жасыл экономикаға көшудеміз. Жыл сайын қала тұрғындарының саны өсуде, автокөліктер саны да көбейіп отыр. Қоршаған ортаға теріс ықпалды азайту керек. Жыл соңына дейін біз 100 электроавтобус сатып аламыз. Бұл тек үлкен шаруаның бастамасы ғана", – деді ол кездесуде.
Елорда әкімі қоғамдық көліктің басымдылығын арттырудың маңыздылығын айтты. Осылайша, жеке Bus lane жолақтарының енгізілуіне байланысты автобустардың жүру жылдамдығы артқанын атады.