Елордадағы білім беру ұйымдары Ashyq жүйесіне 100% қосылды

648

Қаладағы оқу орындары эпидемиологиялық жағдайдың қиындығына қарамастан дәстүрлі форматта оқуға толық дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордадағы білім беру ұйымдары Ashyq жүйесіне 100% қосылды

1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары жаңа санитарлық ережелер бойынша жұмыс істейтін болады. Қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдерінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданды.

"Бүгінгі таңда мұғалімдердің 99,7%-дан астамы және техникалық қызметкерлердің 98,9%-ы екпе алды. Барлық білім беру ұйымдары "Ashyq" жүйесіне 100% қосылған. Барлық білім беру ұйымдары санитарлық талаптарға сәйкес дезинфекциялық құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген", - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева оқу орындарындағы жаңа жағдайларға қатысты: "Дезинфекциялық іс-шаралар, ылғалды тазалау, үй-жайларды желдету және кварцтау, термометр, күнделікті әлеуметтік қашықтық, мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметкерлерді вакцинациялау, ауысымдық оқу процесін ұйымдастыру, асхананың, медициналық кабинеттердің жұмыс режимі және бетперде режимін сақтау жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдары санитарлық талаптарға сәйкес дезинфекциялық құралдармен және дәрі - дәрмектермен қамтамасыз етілген", - деді ол.

Белгілі болғандай, болжам бойынша, жаңа оқу жылында оқушылар саны 205 мыңға өседі, бірінші сыныпқа 24 мың оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі ұйымдар күндізгі режимге көшеді. Сондай-ақ, 1 қыркүйекте мектептерде 1-сыныптарға арналған линейкалар санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.

Шәкәрім Сейсенбай бүгінгі таңда мұғалімдер мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық сұрақтар бойынша оқушылардың ата-аналары мектеп әкімшілігіне немесе тікелей Білім басқармасына жүгіне алады.

Айта кетейік, елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді. Нұр-Сұлтанда КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші компонентін 400 мыңға жуық адам алды, 325 мыңға жуық азамат толық иммундаудан өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу