Елордадағы дәмханалардың жұмыс уақытын шектеу ұсынылды

940

Полиция тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан көңіл көтеру орындарының сағат 23-00-ге дейін жұмыс істегенін құптайды.

Елордадағы дәмханалардың жұмыс уақытын шектеу ұсынылды

Елорда полициясы қалада көңіл көтеру орындарының жұмыс уақытына шектеу енгізуді ұсынды. Мұндай ұсынысты бүгін Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Тахир Әбдірахманов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан көңіл көтеру орындарының сағат 23-00-ге дейін, ал жеке ғимараттағы орындар мен мейрамханалардың тек түнгі 2-ге дейін ғана жұмыс істегендігін қалаймыз. Денсаулық сақтау ұйымдары да  құптар, егер адам түнгі сағат 2-ге дейін ішіп, одан кейін де удай мас болып отыра берсе түбі жақсылыққа апармайды. Не өзі қылмыс жасайды не көшеде қылмысқа ұрынады", – деді ол Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қаладағы көңіл көтеру орындарының күзет қызметіне қатысты да ойын білдірді.

"Біз мемлекеттік емес күзет құрылымдармен ынтымақтастықты жолға қойдық. Олар бізге мейрамханалардың ішінде ғана жәрдем көрсетеді. Алайда әдетте мейрамхана басшылығы жанжалдасқандарды мейрамханадан шығарып жіберуге тырысады. Не болса да өздерінде емес, басқа жерде болса болғаны", – деді Тахир Әбдірахманов.

Айта кетсек, елордада түнгі сағат 1-ден таңғы 6-ға дейінгі аралықта "Хиты ХХ - века", "Ыстанбұл", "Қазақша дискотека", "Шымкент", "Чарли Чаплин", "Пункт П", "Золото", "EscoBar" сынды көңіл көтеру орындарында  қылмыс жиі орын алады. Сондықтан қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұзақылық жиі болатын көңіл көтеру орындары маңында кезекшілік атқара бастады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу