Елордадағы емханада ми қызметін зерттейтін аппарат іске қосылды

85

Жаңа аппарат мидың функционалдық жағдайын анықтауға арналған диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.   

Елордадағы емханада ми қызметін зерттейтін аппарат іске қосылды Фото: аст

Елордадағы №2 қалалық емханада электроэнцефалография (ЭЭГ) кабинеті ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана әкімдігіне сілтеме жасап. 

Аталған зерттеу үнемі бас ауруына шағымданатын, есінен тану, құрысу белгілері бар, жарақаттан кейінгі асқынуларды бастан өткерген азаматтарға, сондай-ақ балалардың сөйлеу дамуының кешеуілдеу жағдайларында жүргізіледі.

"Электроэнцефалография – инвазивті емес, ауыртпалықсыз диагностикалық әдіс. Зерттеу кезінде бастың тері қабатына арнайы электродтар қойылып, ми нейрондарының белсенділігі тіркеледі. Бұл аппараттың басты артықшылығы – ұйқы бұзылыстары, эпилепсия, операциядан кейінгі және жарақат салдарлары, ми ісіктері мен қабыну процестері сияқты түрлі патологияларды анықтауға мүмкіндік беруі", – деді емхананың дәрігер-невропатологы Гүлбаршын Садуова.

Диагностикалық тексеруден күндізгі уақытта – таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін өтуге болады. Сонымен қатар 10 сағатқа созылатын түнгі зерттеу де қарастырылған, ол 22:00-ден 08:00-ге дейін жүргізіледі. Бұл қауіпсіз тексеру ересектерге де, балаларға да қолжетімді.

Дәрігердің айтуынша, түнгі ЭЭГ тексеруі тек медициналық көрсеткіштер бойынша және терапевт, педиатр, сондай-ақ невролог немесе невропатолог жолдамасымен ғана жүргізіледі.

Аталған процедура міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысатын азаматтар үшін тегін. Ал сақтандырылмаған тұрғындар оны ақылы негізде өте алады. Кабинетте жоғары дәлдік пен ақпараттылықты қамтамасыз ететін екі аппарат орнатылған. Сондай-ақ бөлме пациент пен оны ертіп келген адамға қолайлы жағдай жасай отырып жабдықталған.

Тексеруге жазылу немесе қосымша ақпарат алу үшін 8 700 158 03 31 нөміріне хабарласуға болады.
Мекенжайы: Республика даңғылы, 50 (Қалалық №2 емхананың ересектер корпусы), 4-қабат, 404-кабинет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу