24 және 25 қыркүйекте елордада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Екі өңір Астанаға 220 тонна өнім әкеледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
90 тоннадан астам сиыр еті мен жылқы еті, 44 тонна балық, 17 тонна ұн мен макарон өнімдері, 15 тонна көкөніс, 10 тонна картоп, 10 тонна шұжық және консерві өнімдерінің түрлері, 5 тонна өсімдік майы, 5 тонна сүт өнімдері, 2 тонна жемістер мен жидектер, 36 мың дана жұмыртқа, сондай-ақ 21,7 тонна басқа да өнімдер болады.
Сонымен қатар жәрмеңке қонақтары үшін концерттік бағдарлама дайындалды.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбіде 13 қарашаға дейін өтеді. Өтетін орны: Тұран 48 мекен-жайы бойынша орналасқан "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаң. Келесі өнімді Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кәсіпкерлері 1-2 қазан күндері ұсынады.