"Өткен апталарда әдеттегідей азаматтарды жеке қабылдадым. Осыған дейін айтқанымдай, біз проблемаларды шешу ісіне тек дәлме-дәл ғана емес, сол сияқты жүйелі деңгейде де қарауға тырысамыз. Азаматтарды қабылдау кезінде, қала тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелерді негізге алдық. Нәтижесінде, инфрақұрылымдық даму жоспары мен халықтың жыл сайынғы өсуін, елорда жолдарына түсетін трафиктің ұлғайғанын ескере отырып, 10 және одан да көп жылға арналған қалалық көліктің бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге арналған кешенді көлік схемасының (КҚТ) тұжырымдамасын қабылдадық", – деп жазды әкім.
Оның мәліметінше, жоспар мен тұжырымдаманы қалалық мәслихат қолдады. Сондай-ақ ол нөсер кәрізін салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға толығырақ тоқталып өтеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесін салынған. 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесін шешілген. Қаланың ең проблемалы тұстарының бірі – Б.Момышұлы даңғылында су басу проблемасы енді болмайды.
"Тоқтаусыз жауған жауын кезінде көліктердің белшесінен суға бататыны, сол сияқты үрлемелі қайықтар арқылы жұрттың назарын аударғаны естеріңізде болар. Аталмыш даңғылға нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Бұл кәріздің ұзындығы 500 метрді құрайды – басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылын қиып өтеді) жалғасады. Жаңа орын қолданыстағы нөсер кәрізі желісінің өткізу қабілетін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды. Жаңа нысандардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған нысан Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінде, Республика даңғылының жоғарғы бөлігінде, Тәуелсіздік даңғылында су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Тазарту ғимаратының ерекшелігі – Есіл өзеніне құйылар алдында жаңбыр мен еріген қар суы сүзгіден өтіп, тазартылады", – делінген қала басшысының парақшасында.
Ол Тельман елді мекенінде тазарту құрылысы мен магистральдық коллектор, сол сияқты Пригородный елді мекенінде және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық аумағында тазарту құрылысы салынғанын атап өтеді. Сондай-ақ 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы 2 учаскеде нөсер кәрізі мәселесі шешілгенін еске салады.
"Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі), жаңа вокзал, Ұлы Дала даңғылы бойында және т.б. тұстарда нөсер кәрізінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Нөсер кәріздері мен тазарту ғимаратының құрылысы мен қуатын ұлғайту бойынша жұмыстар жүйелі деңгейде жүргізіліп жатыр", – деп жазды Алтай Көлгінов.