Елордадағы ОҚО күндері аясында 43 мәдени іс-шара өтеді

976

Елордадағы ОҚО күндері аясында 43 мәдени іс-шара өтеді

"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек күндері Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді, деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстанның күндері аясында облыстың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін 43 мәдени көпшілік іс-шарасы елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылатын болады.

Оңтүстік күндерінің алғашқы шарасы шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы 30-дан астам елшілері қатысатын бизнес-форуммен ашылады.

Бес күнге созалатын дүбірлі тойда оңтүстікқазақстандық өнер майталмандары "Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!" өнер керуені, "Сәлем Астана!, Сәлем, ЭКСПО!", "Оңтүстік әзілдері" шоу-концерттерін ұсынса, өңіріміздің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін көрнекті жәдігерлердің көрмесі мен тарихтан сыр  шертетін суретшілер мен қолөншілер бұйымдарының көрмелері өткізіледі. Бұдан бөлек, астаналықтар "Бәйтерек" алаңында бір мезетте 600 жас домбырашының орындауындағы күйді тамашалай алады.

Ал 2-3 қыркүйек күндері аграрлы аймақтың ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады.  Жәрмеңкеге нарық бағасынан арзан құны 265 млн теңге болатын 550 тоннаға жуық өнім шығарылады.

Мұнан бөлек, республика бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жағынан көш бастайтын Оңтүстіктің өнеркәсіп туарларының көрмесі өтеді.

29-31 тамызы аралығында "Бейбітшілік және келісім" сарайында өтетін көрмеге өңіріміздің тамақ және жеңіл өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 50-ден астам кәсіпорындары қатысады. Сондай-ақ, 30 тамыз күні сағат 11.00-де Астана қаласының оқушылар сарайында "Күш атасы - Қажымұқан" анимациялық фильмінің тұсаукесері өтсе, 31 тамыз күні "Отырар дастаны", "Қазақстан барысы", "Толағай", "Қазақстан бренді" анимациялық фильмдерін Астана жұртшылығы тамашалайтын болады.

Демалыс күндері "Қазанат" ипподромында аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және ат үстінде өнері көрсетілетін болса, 3 қыркүйек күні "Этноауылда" қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және көрермендер арасында "Қошқар көтеру" сайысы ұйымдастырылады.

3 қыркүйек күні сағат 21.30-да ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда Оңтүстіктен шыққан қазақ эстрадасының жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Қайрат Нұртас, Алтынай Жорабаева, Жұбаныш Жексенұлы және тағы басқа да көптеген өнер майталмандары өнер көрсететін "Ән мен күй әлдилейді Астананы!" атты қорытынды гала-концерті өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу