Елордадан үш облысты аралауға салт аттылар экспедициясы жолға шықты

1182

Елордадан үш облысты аралауға салт аттылар экспедициясы жолға шықты

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасының және Астана қаласының 20 жылдығын тойлау аясында "Астана – ұлы дала елордасы" атты көпкүндік салт атпен жүріп өту экспедициясы бастау алды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды ​​ облыстарындағы ұлттық парктер Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді, турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрайды. 10 адамнан құралған еріктілер тобы бүгін бас қаламыздан бағыт алып Сарыарқаны басып өтіп, 10 күннен соң ат басын Қарқаралыға тіремек. Топ құрамында екі жасөспірім бар және екі мажарлық азамат бар.

Сапарға аттанушы азаматтарды шығарып салу салтанатында сөз сөйлеген мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаев шерушілерге ақ жол, сәт-сапар тілесе, Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы бата берді.

Ал Мажарстанның төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш сөз сөйлеп қазақ пен мажарлықтардың туыстас халық екенін, мажарлықтар өздерін ежелгі қыпшақтардан тарағанбыз деп есептейтіндігін айта келе, бабаларының ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту бізге мақтаныш, бақыт деді. 

"Біз 10 күннің ішінде Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне тоқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы, сапардың ұзындығы шамамен 600 шақырымды құрайды. Мен мұндай жобаға екінші жыл қатысып отырмын. Осы жобаға мұрындық болып отырған Берік Ақылбек ағамыз. Биыл біздің қатарымызда екі венгрлік азамат бар. Ата-баба жолымен жүріп өту, елдегі ішкі туризмге үлес қосу. Болашақта осындай салт атпен жүріп өтетін туристік бағыттар болады деген ойдамын", - дейді сапарға қатысушы Айдос Нұрақышев.

Топ жетекшісі Берік Ақылбек бұндай шараны 3 жыл қатарынан өткізуде, алғашқы салт атты шеруді 2016 жылы Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және былтыр халықаралық ЭКСПО көрмесіне арнаған.

Экспедицияға қатысушылар күніне жүз шақырым жүруді жоспарлауда, өздерімен бірге ас-су, далаға қонуға арналған палаткалар алған. Барлық керек-жарағымыз өзімізбен бірге дейді жігіттер. Мұндай іс-шараға сіз де қатыса аласыз, дәл осы жолғы экспедиция құрамында Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарынан келген азаматтар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу