Астана қаласы бойынша МКД-нің "Әуежай Астана" кеден бекетінің қызметкерлері Астана қаласы бойынша ЭТД қызметкерлері бірлесіп, елордалық әуежайда бағалы тастармен алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың 70 жиынтығын заңсыз әкелу фактісін анықтады.
2023 жылдың 1 мамырында "Ыстамбұл – Астана" авиарейсінің кеден бақылауынан өту кезінде Қазақстан Республикасының үш азаматының багажын рентген-телевизиялық жабдықты қолдана отырып тексеру кезінде жеке заттардан зергерлік бұйымдардың аксессуарлары (затбелгілер, түймелер, құлыптар, бекіткіштер) ретінде жасырылған асыл тастары бар алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар жиынтығы табылды.
Өнімнің жалпы салмағы 800 грамнан асады.
Сонымен қатар, бұл бұйымдардың құнын анықтау бойынша сараптама тағайындалып, оның нәтижелері бойынша қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесі қаралатын болады.
Бұл ретте бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларына қатысты ЕАЭО кедендік аумағынан әкелу және әкету кезінде рұқсат беру тәртібі қолданылады.
Астана қаласы бойынша МКД Қазақстан Республикасында кеден заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.