Елордаға тартылған газ құбыры арқылы 171 елдімекенге газ жетеді

1136

Еуразиялық даму банкі "Астана Газ ҚМГ" АҚ облигацияларын сатып алу бойынша 102 миллиард теңгеге мәміле жасасты.

Елордаға тартылған газ құбыры арқылы 171 елдімекенге газ жетеді

Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында "Сарыарқа" газ құбыры тартылып жатқаны белгілі. Осы жобаны қаржыландыру бойынша үлкен шаралар атқарылуда.

Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) Қызылордадан Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі аралықтағы, құрылысы бірінші кезеңге жататын аумақта "Сарыарқа" магистральды газ құбыры құрылысын қаржыландыру" инвестициялық жобасы шеңберінде "Астана Газ ҚМГ" АҚ облигацияларын сатып алу бойынша 102 миллиард теңгеге мәміле жасасты.

Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Есенов БАҚ өкілдерімен кездесу барысында облигациялар жайлы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

"Мәміле құрылымы күрделі. Бұл дәстүрлі түрдегі жобалық қаржыландыру емес, құнды қағаздарды қолдану құралдарына байланысты өз ерекшеліктері бар. Құнды қағаздарымыз – ұзақ мерзімді, сатылатын, сұранысқа ие, өтімді қағаздар. Айналым мерзімі 10 жыл, ал купон мөлшерлемесі 10%",– деді Амангелді Есенов.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, ЕДБ басқарма басшысының орынбасары құрылыс нысандарына барып тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін айтты.

"Жобалардың орындалуына мониторинг жүргізіп отыратын арнайы бөлімше бар. Қызметкерлеріміз белгілі бір уақытта құрылыс орнына барып, жұмыстардың нақты орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ, құрылыс нысанына тұрақты түрде бақылау жүргізетін кеңесшіміз де бар. Ол жұмыстардың орындалуы жайлы ай сайын есеп беріп отырады. Қазір жұмыстар кестеге сай жүріп, жоспарлар орындалуда",– деді ЕДБ басқарма басшысының орынбасары.

Жоба туралы айта кетсек, Қызылордадан шығып, Қарағанды мен Теміртау арқылы ел астанасын қамтитын бағыт бойынша газ құбырын тарту құрылысы қаржыландырылып, кезең-кезеңмен құбыр жолы бойындағы 2 млн 710 мың адам тұратын 171 елді-мекенге газ жеткізіледі. Сондай-ақ, құрылыс кезінде 900 жұмыс орны ашылып, құбыр жолы іске қосылғаннан кейін 194 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Газ құбырын тарту жобасының 1-кезеңінің құны 267,3 млрд теңге. Жобаны іске асыру өткен жылдың қараша айында басталды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу