Олардың пікірінше былтырғы жылдың қыркүйегінде мәжіліс депутаттары мақұлдаған "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңның отбасындағы әлімжеттік туралы тұсы балалар мен ата-аналардың құқығын қорғамайды. Керісінше құжатта отбасында әлімжеттік жасағандарға жаза күшейтіліп, тәртіп сақшыларының өкілеті кеңейтілген.
"Заңда экономикалық зорлық-зомбылық деген тұсы бар. Яғни, ата-аналар баланың бар жағдайын жасауы керек. Ең төменгі жалақыға күн көріп отырған ата-аналар балалардың жағдайын қалай жасайды? Жалдамалы пәтерде тұрып, тапқанымызды азық-түлікке жеткізе алмай жүрміз. Мұндай талап қоймастан бұрын осы заңды қабылдаған депутаттар көп балалары аналардың жағдайын жасасын. Халықтың алдына шығып заңды түсіндірсін. "Біз заңға қарсымыз!", – деп үндеді жиналғандар.
Наразы топ алдына шыққан Әділет министрлігінің өкілдері заңның әлі қабылданбағанын, оны министрлік емес депутаттар қабылдайтынын айтып, түсіндіруге тырысты. Алайда жиналғандар депутаттардың халық алдына шығып, құқықтық норма туралы толық баяндауын талап етті.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
"Заң жобасы арқылы құқық бұзушылардың зорлық-зомбылық және агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық жағынан түзету бағдарламасынан өту арқылы құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру жөнінде шаралар енгізу көзделеді. Сондай-ақ, құқық бұзушыларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару кезінде полицияның оларды бақылау жөніндегі құзыретін күшейте отырып, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылау ұсынылады", – деген еді сол кезде мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Құралай Құдайберген