"Жұмысшы мамандықтар қаласы" фестивалінде Астана қаласының Сервис және туризм колледжінің студенттері ерекше жоба – ландшафтық ғимарат ішін виртуалды аралауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға қатысушылар тек көркем абаттандырылған аумақты VR-технологияларының көмегімен толықтай виртуалды түрде көре алды.
Бұл жоба студенттердің осы оқу жылында алғаш рет ашылған жаңа мамандықтар – ландшафтық дизайн және флористика бағыттары бойынша жұмыстарының нәтижесі.
"Бұл жобамен жұмыс істеу бізге ерекше қызықты болды. Біз 3D-моделдеу мен визуалдау бағдарламаларының қолданылуын меңгеріп, заманауи технологиялардың жобалау процесін қалай жақсартатынына көз жеткіздік. Жұмысшы мамандықтар фестивалі – біздің жаңа кәсіби мүмкіндіктерімізге жол ашатын маңызды алаң", – деп атап өтті колледж студенті Артур Васильев.
Ландшафтық дизайнер мамандығы қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Бұл сала мамандары аумақты тек көркемдеп қана қоймай, оның функционалды бөліктерін дұрыс ұйымдастыру, көгалдандыру, жайлы орта қалыптастырады. Студенттердің жобасы фестивальге келгендердің ерекше қызығушылығын тудырды.