Елордалықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 15 млрд теңгеден астам жарна аударды, деп хабарлайды қордың Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Қараша айында медициналық сақтандыру қорына 8,64 млрд теңгеден астам жарна түсті. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 30 қарашасына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 122,47 млрд теңгеге жетті. Оның 113,83 млрд теңгесі (шамамен 93%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,64 млрд теңге (7%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
2017 жылғы 1 шілде мен 2018 жылғы 30 қараша аралығындағы елордалық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер аударған жарна сомасы - 15,38 млрд теңге. Қараша айындағы көрсеткіш – 1,08 млрд теңгені құрайды.
Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан алғашқы үштікте бұрынғыша Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Еске сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.