Елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасуда

427

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астананың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени нысанына барды. 

Елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасуда Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы "Интернациональный" тұрғын алабындағы қуаты тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 жаңа сорғы-сүзгі станциясының жұмысымен танысты. Оның іске қосылуы елорданың ауызсу қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік берді, деп жазады inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өткен жылы сумен қамтамасыз етуде проблемалар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданып, 2027 жылға дейін қажетті қуат қоры қалыптастырылды. Инженерлік инфрақұрылым ұдайы озық қарқынмен дамуға тиіс. Проблемаларға жол берілмеуі керек", — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министрге Астананың басқа да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің дамуы туралы баяндалды.

Үкіметтің қолдауымен бірқатар жаңа нысан құрылысы аяқталды.

Бұл ретте 2024 жылы "Тұран" газ жылу станциясының екінші кезегін, "Тельман" станциясының бірінші кезеңін және 3-ші ЖЭО-ның көмір бөлігін толығымен аяқтау, 2-ші ЖЭО-ны кеңейту жобасын бастау және "Оңтүстік-Батыс" станциясын жобалауға кірісу жоспарланып отыр.

Осы жобалардың барлығын іске асыру 2035 жылға дейін қажетті жылу қорын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 13 тұрғын үй алабында 12,5 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізді.

Сонымен қатар Үкімет басшысына елорданың электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін нығайту жұмыстары, автожолдарды күрделі жөндеу және кәріздік жүйелерді жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді.

Олжас Бектенов Төле би көшесіндегі 2 мың орынға арналған жайлы мектеп құрылысының барысымен танысты. Аталған нысанның ашылуы осы жылдың тамыз айына жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.

Олжас Бектенов бұл жұмыстарда отандық өндірістің құрылыс материалдары мен жиһаздарын белсенді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Премьер-Министр ШЫҰ желісі бойынша және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін іс-шаралар кезінде пайдаланылатын Тәуелсіздік сарайы мен "Қазанат" ипподромының аумағындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу