Елорданың бас имамы биыл ораза кезінде болатын өзгерістер туралы айтты

1326

Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов биылғы Рамазан айында болатын өзгерістер жайлы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың бас имамы биыл ораза кезінде болатын өзгерістер туралы айтты

"Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын! Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні болады. Биыл ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28-іне қараған түн қасиетті Қадір түні болмақ", – деді бас имам.

Ол өз сөзінде ҚМДБ-ның қолдауымен Орта Азия елдерінің шариғат және фәтуа саласы бойынша арнайы кеңес құрылып, ортақ мәселелерді өзара келісіп, шешім қабылданып жатқанын айтып өтті. 

Сөзін жалғай отырып, соңғы екі жылда пандемияға байланысты Рамазан айында тарауих намазы оқылмағанын айта келе, биыл қаладағы 12 мешітте құптан намазымен бірге тарауих та оқылатынын айтып өтті.

Брифинг барысында қаланың Дін істері жөніндегі басқармасы басшысы Н. Әлмұханов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қала бойынша өкілдігімен және тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті.

"Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан 2022 жылдың 2 сәуірі мен 1 мамыр аралығында тұрғындарды түнгі уақытта қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мақсатында елорданың ірі мешіттерінен автобустар қатынайтын болады, 01.00-ге дейін", – дейді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу