Елорданың бірнеше көшесін қайта атау ұсынылды

598

Қалалық мәслихатта өткен көпшілік тыңдауда Астана қаласының тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елорданың бірқатар көшесіне жаңа атау беру мәселесі талқыға салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елорданың бірнеше көшесін қайта атау ұсынылды Фото: tengrinews.kz

"2022 жылғы 7 қазанда өткен Астана қаласы ономастика комиссиясының кезекті отырысында елорданың кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстар қаралып, қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Алматы ауданы бойынша: А23 жобалық атауы бар көшеге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, майдангер-жазушы, журналист және прозашы Әскен Нәбиевтің есімі берілсін. Әскен аға - осы жерлердің тумасы, келесі жылы оның туғанына 100 жыл толады. Айта кетсек, бұл ұсынысты қалалық мәслихат та қолдады", деді Сәкен Есіркеп.

Оның айтуынша, елордадағы А24 көшесіне ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтің есімін беру ұсынылған.

Сәкен Есіркептің айтуынша, Есіл ауданындағы Е12 көшесін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне атау ұсынылды. Қазіргі уақытта Мәншүк Мәметова көшесі Байқоңыр ауданында орналасқан, оның ұзындығы небәрі 100 метрді құрайды.

Сондай-ақ Е20 көшесін академик, энергетик ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы энергетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі Шапық Шоқиннің есімімен, ал Е753 көшесін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы Санжар Асфендияров есімімен атау ұсынылды.

Басқарма басшысы хабарлағандай, Сарыарқа ауданы бойынша 197-көшеге балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың, 189-көшеге Сұлтан Бейбарыстың есімін беру мәселесі көтерілді.

Сонымен қатар Алматы ауданы бойынша 23-16 және Мағжан Жұмабаев көшелерін біріктіріп, Мағжан Жұмабаев даңғылы деп атау ұсынылды.

Байқоңыр ауданындағы Мәншүк Мәметова көшесін Қарамерген көшесі деп өзгерту ұсынылды.

Сонымен қатар Есіл ауданында Бұқар жырау көшесінен басталып, №29/1 көшеде аяқталатын Сауран көшесінің қысқа бөлігін Әзербайжан Республикасының Тұңғыш Президенті Гейдар Әлиев көшесіне қайта атау ұсынылды.

Бұрынғы Сәбит Мұқанов көшесіне Ақмола облысындағы елді мекен – Қостомар атауын беру ұсынылады.

Тыңдау қорытындысы бойынша Сәбит Мұқанов көшесін Қостомар көшесіне қайта атау туралы ұсынысты қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу